Қазақ қолөнерін жаңғырту жобасы қалай жүзеге асып жатыр? Qazaq Oner орталығынан фоторепортаж


Алматы қалалық Қоғамдық даму басқармасының "Рухани жаңғыру" жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен Qazaq Oner орталығында қолөнершілер, сәнгерлер, тігін шеберлері қарапайым азаматтарға арнап шеберлік сағаттарын өтті. "Дәстүр мен ғұрып" арнайы жобасы аясында өткен бұл іс-шараның мақсаты – ұмыт болған, бірақ өзекті дәстүрлерді, тігін ерекшеліктерін жаңғырту, қазақтың ұлттық киімдерін кестелеу және әшекейлер жасау.

Шара аясында Керамика шебері Данияр Бабашов қыш құмыра жасаудың қыр-сырымен таныстырды. Ол Мәскеуде білім алған, керамикадан бірнеше халықаралық байқауда жеңімпаз болған азамат. Жұмыстары Мәскеу музейіне қойылған. Шеберханадан оның саз балшықтан жасаған әртүрлі бұйымын көруге болады. Бірі гүлдікі болса, енді бірі – шамға арналған ваза.

Данияр Бабашов бір құмыраны жасауға 7-8 минут жұмсайды. Сыртын шынылап, пеште 1000-1500 градуста күйдіреді. Оның сөзінше, қыш өнері шыдамдылық пен ұқыптылықты талап етеді. Бір жері дұрыс болмай қалса, бәрін басынан бастауға тура келеді. Қателікті кешірмейді.

Qazaq Oner орталығында өткен шеберлік сағаттарына қолөнерге қызығатын қала тұрғындары жиналды. Гүлнар Унаева қазақтың ұлттық бас киімдерін кестелеу және тігу бойынша шеберлік сағатын өткізді. Қатысушылар сәукеле тігіп, оны моншақпен безендірді.

Qazaq Oner алаңында бір күн бұрын дизайнер Жанат Бақыт, Тарбия Айымбаева сән үйлері, "Сымбат" дизайн және технология академиясының ұлттық киімдерінің көрсетілімі өткен болатын.

Зергерлік өнерден шеберлік сағатын Санат Сакынов жүргізді. Ол төрт жылдан бері осы өнер түрімен айналысады. Бір жыл бұрын әріптес досымен бірге Qazaq Oner шеберлер орталығынан шеберхана ашқан.

Санат бала кезден зергерлік өнерге қызыққан. Алдымен колледжде кескіндемені оқыса, Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясында керамиканы бітірген.

"Бұл жерде түсті металдан әртүрлі бұйым жасаймыз. Авторлық жұмыстарым да бар. Алдымен эскизін сызып аламыз. Зергерлік өнер ұқыптылықты, төзімділікті қажет етеді. Сәл қателік жіберсең, жасаған жұмысың зая кетеді. Қайтадан бастау үшін шыдамдылық керек. Qazaq Oner алаңында шеберлерге жағдай жасалған, мүмкіндік көп. Адамдар осында келіп бізбен сөйлсесіп, ұнап жатса, тапсырыс береді", – деді Санат Сакынов.

Санаттың шеберлік сағатына мектеп оқушысы да қатысты. Екеуі бірге бойтұмар жасап, дайын болған соң шебер бұйымды балаға тарту етті. Жас буын арасындағы қызығушылықты байқаған Санат алдағы уақытта зергерлік өнер курсын бастамақ.

Qazaq Oner орталығындағы ең үлкен залда Үмітжан Нұрымованың шеберлік сағаты өтті. Оған қатысушылар жүннен сәнді түйреуіш дайындады. Киіз басу шебері Үмітжан түйреуіш жасау оңай жұмыс сияқты көрінгенмен көп уақыт алатынын айтады. Өзі бір түйреуішті 15 минутта жасайды екен.

"Бизнес леди Қазақстан" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Айжан Жұмабаева жобаны қолдауға келіп қана қоймай, сәнді түйреуіш жасауды үйренді.

"Жүннен сәнді түйреуіш жасауды үйретіп жатқан Үмітжан ұстазыма алғыс айтамын. Бұл – қазақ мәдениетін жаңғырту, жас буынға салт-дәстүрді жеткізу. Түйреуіш дайын болайын деп қалды. Жарты сағаттан бері жасап жатырмыз. Көп еңбекті талап ететін жұмыс екен. Бүгін үй жағдайында қалай жасауға болатынын үйрендім. Түйреуішті өзім жасадым деп тағып жүремін", – деді Айжан Жұмабаева.

Қолөнерші Бақытжамал Құрманбаева Qazaq Oner орталығында киізден сөмке, мойынорағыш, тәпішке, жамылғы, орамал, бас киім сияқты әртүрлі киім-кешек, бұйымдар жасайды.

"Сөмке жасау үшін жүнді жайып, дайындап аламыз. Сосын бетін жылы сулап кептіреміз. Ол табиғи жолмен кебуі тиіс. Жүнді Шымкент пен Тараздан аламыз. Он жыл бұрын киіз басуға қызығып, үйреніп алдым. Қазір негізгі жұмысым – осы, Qazaq Oner орталығында жұмыс істеп, тапсырыс орындаймыз", – деді ол.

Qazaq Oner орталығы 2017 жылы құрылған. Бұл – қазақ халқының халықтық-қолданбалы өнерін дамыту және танымал ету бойынша Қазақстандағы алғашқы бірегей жоба. Жоба қазақтың дәстүрлі қолөнерін жаңғыртуға және дамытуға, ұрпақтар сабақтастығына, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге, жергілікті өндірісті дамытуға және қалада жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді. Бұл жерде қолөнер шеберлерінен үйреніп қана қоймай, шеберлердің бұйымдарын сатып алуға болады.

"Рухани жаңғыру" бағдарламасының "Дәстүр мен ғұрып" арнайы жобасы дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, қазақ халқының ерекше мәдениетін сақтауға, жастарды тәрбиелеуге, ұлттық ерекшелігін қалыптастыруға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан мәдени мұраларды дәріптеуге және зерттеуге бағытталған.

Durys Info – Правильные новости  твоей страны

Durys Info – Правильные новости твоей страны

Самые свежие и актуальные новости Казахстана и России. Последние события, конфликты и происшествия, обновления новостей онлайн на Durys Info каждый день.