Алматыда ескі автокөліктерді сатып алу басталады
Алматыда ескі автокөліктерді сатып алу жоспары іске асады. LS тілшісі бағдарламаның нақты көліктер санатын анықтап көрді.
Қаланың экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, сатып алу бағдарламасы тек Алматыда тіркелген автокөліктерге ғана таралады.
Сатып алу құнын мегаполис әкімідік медианалық нарықтық бағаға сүйене отырып белгілейді. Нақты көрсеткіштер әлі бекітілген жоқ.
Жоба аясында тұрғындарға қосымша қолдау мен ынталандыру тетіктері ұсынылмақ.
Басқарманың мәліметінше, ескі көліктерді сатып алуға арналған қаржы экологиялық аймақтарды енгізу арқылы қалыптасады. Онда Евро-0-4 стандартына сай келмейтін автокөліктер үшін жүріп өту ақылы болады. Қаладағы зиянды шығарындылардың 60%-ы дәл осы көліктерге тиесілі.
Алғашқы кезеңде жоба пилоттық режимде жүзеге асырылады: көліктер үшін жүріп өту тегін болады, тіркеу, ескерту және деректер жинау жүргізіледі. Бұл шаралар көлік қозғалысын және автопарктің нақты құрамын талдауға мүмкіндік береді.
Кейіннен тарифтер бекітіліп, төлем форматы күндік не айлық болып белгіленеді. Басқарма өкілдері сағаттық немесе минуттық төлем енгізілмейтінін атап өтті. Барлық тарифтер алдын ала жарияланбақ.
"Бұл салық емес, экологиялық алым", — деп түсіндірді басқармада.
Жиналған қаражат тек ескі көліктерді сатып алуға ғана емес, сондай-ақ аймақты басқару мен бақылау, қоғамдық көлікті дамыту және экологиялық жобаларды іске асыруға жұмсалады.
"Жобаны жүзеге асыру ауаның сапасын жақсартуға септігін тигізеді. Экологиялық таза көліктер мен өндірісті жаңғырту қала тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастырады. Сонымен қатар, әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға арналған қолдау шаралары халық пен бизнестің заманауи технологияларға жеңіл көшуіне мүмкіндік береді", — деп болжады басқармада.