"Соңғы әлем чемпионатында құрамада дәрігер болған жоқ": Әбиба Әбужақынова жарақатына қатысты күтпеген мәлімдеме жасады
Дзюдошы Әбиба Әбужақынова бір жыл бұрын алған жарақыты әлі толық жазылмаса да алдағы жарыстардан бас тартпайтынын айтты. |
Спортшы бұл туралы өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Әбиба Әбужақынованың айтуынша, соңғы әлем чемпионатында құрамада дәрігер болмағанымен, қазір бұл олқылықтардың барлығы реттелген.
"Құрметті достар!
Әлеуметтік желілерде мені жарақатымен күресіп жүр деген ақпарат тарады. Сұхбат бергенімде иығым толық емес, әлі де 20 проценттей ем қажет деп айтқан болатынмын. Кез келген спортшыда ұсақ жарақаттар болады. Ауыр жарақаттың әсері, кесірі, қалыпқа келуге ұзақ уақытты талап етеді. Бірақ біз ұсақ жарақатым бар деп, жарыстардан бас тарта алмаймыз.
Ташкентке де мені ешкім сүйреп отырған жоқ. Барлық жарысқа өз еркіммен аса жауапкершілікпен, дайындықпен қатысып отырмын. Алда Олимпиада ойындары. Қазіргі таңда рейтингте 6-шы орында тұрмын. Олимпиадада бұдан да жоғары нәтиже көрсетуім үшін қазірден рейтингтегі орнымды реттеуім керек. Денсаулық — менің ең басты байлығым. Өз денсаулығыма жауапкершіліксіз қарап, жарақатпен жарысқа аттанатындар қатарынан емеспін.
Дохадан елге келгеннен кейін толық қаралудан өтіп, тиісінше дәрігерлермен бірге ем қабылдадым. Иә, соңғы әлем чемпионатында құрамада дәрігер болған жоқ. Алайда, қазіргі таңда құрамада дәрігер де, массажист те бар.
Бұқаралық ақпарат құралдарынан сұхбатымды бұрмаламауды және көпшілікті шатастырмауды сұраймын. Рахмет!", — деп жазды ол.